Сондай-ақ қараңыз
Нарықтық талдау, негізіне алынған принциптеріне қарай техникалық немесе іргелі болуы мүмкін. Техникалық талдау концепциясы, баға графигі көрсететін сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасы математика заңдарына бағынады деген пайымдауға құрылады. Іргелі талдауға сәйкес, нарық саяси, экономикалық және қаржы факторларына қарай өзгереді.
Іргелі талдау нарық бағасының қозғалысына тікелей немесе жанама түрде әсер ететін экономикалық, қаржы және саяси сипаттағы ақпаратты, атап айтқанда, негізгі валюта бағамдарына әсер етуі мүмкін, экономикасы озық елдердің негізгі экономикалық көрсеткіштерін бағалайды. Келесі көрсеткіштер маңызды болып табылады: жалпы ұлттық өнім; жалпы ішкі өнім; инфляция деңгейі; жұмыссыздық деңгейі; тұтыну және өндірістік баға индекстері; тауар индексі; индустриялық баға индексі; төлем және сауда балансы.
Жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) тұтыну, инвестициялар, мемлекеттік шығындар, экспорттау және импорттау сияқты көрсеткіштерді қамтиды, ұлттық экономиканың жай-күйінің негізгі индикаторы болып табылады. ЖҰӨ және валюта бағамының тура пропорционал тәуелділігі бар. Жоғары ЖҰӨ экономиканың жақсы жай-күйін және шетелдік инвестициялар ағынын білдіреді, олар, өз кезегінде ұлттық валютаға сұранысты арттырады. ЖҰӨ ұзақ өсуі инфляцияға ұшыратуы мүмкін, оны азайту үшін пайыздық мөлшерлемелерді ұлғайтуды пайдаланады, бұл валютаға сұраныстың артуына әкеп соқтырады.
Жұмыссыздық деңгейі жұмыссыздар саны мен еңбекке қабілетті халықтың жалпы санының ара-қатынасын көрсетеді және ол 6% белгісінен аспаса, жақсы көрсеткіш болып саналады. Жұмыссыздықтың өсуі валюта бағамына кері әсерін тигізіп, ол құлдырай бастайды. Бағаның өсу қарқынымен өлшенетін инфляция да валюта бағамына дәл солай әсер етеді. Бұл ретте инфляция және жұмыссыздық көрсеткіштері кері пропорционалды тәуелділікте болады.
Талдау аясына, сондай-ақ түрлі елдердің саяси бағыты үшін маңызды оқиғалар кіреді: сайлау, экономикалық реформалар, халықаралық келісімдер жасасу және т.б. Аналитиктер қарастыратын негізгі қаржылық факторлар ел экономикасына салымдардың жалпы кірістілігін айқындайтын орталық банктердің нақты пайыздық мөлшерлемелер деңгейі болып табылады. Индикатордың көтерілуі ұлттық валюта бағамының өсуі үшін қолайлы жағдай жасайды.
Бұдан басқа, ұлттық валютаның бағамына табиғи апаттар, лаңкестік актілер, төтенше жағдайлар және болжамдауға келмейтін басқа да оқиғалар әсер етеді.
Іргелі талдау түрлі елдердің әр түрлі көптеген көрсеткіштерін бағалаудың күрделілігіне қарай бейінді ұйымдардың білікті аналитиктерімен кәсіби түрде жүргізіледі.